Ақтау қаласындағы «Апельсин» әсемдік салоны 2021 жылы ашылған. Салон иесі Құралай Байғалиева 35 жылдық еңбек өтілі бар, кәсіби шаштараз болатын. Анасының жақында өмірден өтуіне байланысты қазір салон жұмысын ұлы мен қызы жалғастырып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл әсемдік салонның ерекшелігі – мұнда тек мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет етеді. Олар шаш қиып, бет әрлейді, массаж жасап, тырнақ әсемдейді. Сондай-ақ, косметологиялық қызмет пен массаж түрлерін де жасайды. 1 және 2 топ мүгедектігі бар 20- ға жуық ерекше жандар бүгінде осы салоннан өз нәпақасын тауып отыр. Оларға ай сайын үкімет тарапынан еңбекақы тағайындалса , бүгінде марқұм болған Құралай ханым жұмыстары үшін алатын ақыларының 50 пайызын да беріп отырған.
Мұндағы қызметкерлердің ең жасы кішісі – Естөре Сисенбаев. Ата анасының тұңғыш баласы, өзінен кейін екі бауыры бар , 21 жастағы ол - 3 топ мүгедегі. Ақтау қаласында туып өскен, туылғаннан есту қабілеті нашар, мылқау болуына байланысты Алматыда арнайы мектепте білім алған. Мектепті аяқтап келген соң Естөре Құралай ханымның салонын іздеп келіп, сол жерде шаш қию, сырлау, әйелдерге арналған шаш үлгісін жасауды үйреніп, меңгеріп алады.
«Жұмыс істеп жүргеніме 3 жыл. Күніне 6-7 адамды қабылдаймын. Алдағы мақсатым – корей стиліндегі шаш үлгілерін қиып, бояп үйрену және ата -анама тәуелді болмай, өз күшіммен еңбек етіп, жетістіктерге жету», - дейді ол.
Салон иесінің қазасын естігенде ерекше жандар қатты қиналған. Үрейленіп, қорқынышта жүрген оларды Құралай ханымның сіңлісі және ұлы мен қызы келіп жұбатып, жағдайды түсіндіріп, салонның бұдан әрі жұмыс істей беретінін айтады. Ерекше жандар салон жабылмауын, осы жерде жұмыста қалатындарын жеткізеді.
Мұнда ым ишара тілінің аудармашылары да бар. Олар сән салонына келген қала тұрғындарына қызмет көрсететін ерекше жандарға ымдау тілі арқылы көмектеседі.
Мүгедек жандардың қоғам өміріне кедергісіз араласуына мүмкіндік жасаған Құралай ханымға олардың алғыстары шексіз. Көздеріне жас алып, өз қамқоршыларын сағына еске алады.
Ұлы Даниярдың айтуынша, анасы жұмысқа келгенде өз қызметкерлерінің әрқайсысын бетінен сүйіп, құшақтап қарсы алатын болған.
«Олар анамның қазасынан соң көңіл күйлері болмай, еңселері түсіп жүрді. Анамның қамқорлығын іздеді. Бұлардың барлығы анамның шәкірттері, оларды үйретіп, өз істерінің шебері болуға анам бар күшін аямай жұмсаған болатын», - дейді Данияр.